Қазақстан • 15 Желтоқсан, 2017

Бақытжан Жұмағұлов: «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының бір бетінде Елбасының мың күндік еңбегі жатыр

772 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада өткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабының тұсаукесер рәсімінде ҰҒА академигі, сенатор Бақытжан Жұмағұлов сөз сөйлеп, кітаптан алған әсерімен бөлісті. 

Бақытжан Жұмағұлов: «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының бір бетінде Елбасының мың күндік еңбегі жатыр

Фото: Ерлан Омар, "Егемен Қазақстан"

«Н.Ә.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабының тұсаукесері мемлекетіміз үшін ең ұлық мереке – Тәуелсіздік күні қарсаңында өтіп жатқаны ерекше қуантады. Мен кітаппен таныстым және бұл туынды маған ерекше әсер етті. Менің ойымша, бұл оқырманның көңіл пернелерін дөп басатын, оқырманның ойына, мақсатына, ұмтылысына әсер ететін үлкен еңбек» дей келе Бақытжан Жұмағұлов кітаптан алған әсері туралы айтып өтті. 

«Мен екі аспект бойынша үлкен әсер алдым. Біріншісі - егемен Қазақстанның жаңа тарихының қамтылу ауқымы, болашаққа қойылған мақсаттар мен міндеттер және талдау тереңдігі. Екіншісі - автордың ойы, қиын мәселелер туралы толғамдары мен пайымдары, оларды шешу жолдарын іздеуі, эмоциясы байқалатын шынайылық», деді ол. Бақытжан Жұмағұловтың айтуынша, кітапта Президент Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің тірі ағза екенін айтып, оған дәлелдер келтірген. Сонымен қатар мемлекеттің дамуындағы ең күрделі мәселелердің қалай шешілгені көрсетілген. 

«Кітаптың маған тағы бір әсер еткен тұсы – адам капиталын алға шығару бойынша жүргізілген реформалар туралы болды. Осы ретте елімізде тәуелсіздік жылдары ғылым, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларын жетілдіру бойынша жасалған жұмыстар туралы кітапта толық айтылған. Мысалы, осы жылдары білім беру саласында реформалар жасалып, материалдық база толықтырылды. «Болашақ» бағдарламасының арқасында 12 мыңнан астам талантты жастар шет елдің үздік ЖОО-да білім алды. Мемлекетте интеллектуалды мектептер дамыды. 2010 жылы Қазақстан болон процесіне кірді. Бүгінде біз білім-ғылым жүйесін әлемдік стандарттарға сай қылып өзгерттік» деген ол қазақстандық білім жүйесі бәсекеге қабілетті мамандар дайындап жатқанын ерекше атап өтті. 

Бақытжан Жұмағұловтың айтуынша, кітаптың әр беті Елбасының мың күндік еңбегінің, ұйқысыз түндерінің жемісін көрсетіп тұр. Өз сөзінде ҰҒА Академигі 26 жыл ішінде Қазақстанның үлкен жетістіктерге жеткенін, оған ұлт көшбасшысы - Елбасының сіңірген еңбегі зор болғанын атап өтті. «Мемлекет стратегиясында үлкен мақсаттарға жетіп, үнемі дамып отыру үшін Президенттің интеллектісінің, қажырлы еңбегінің рөлі зор екені сөзсіз», деді ол. Сонымен қатар Бақытжан Жұмағұлов Елбасының кітабын оқығаннан кейін 2005-2008 жылдары «Нұр Отан» партиясында болған күрделі кезеңдері еске түскенін айтты. «2005 жылғы президенттік сайлау бүкіл партия үшін нағыз өсудің, саяси кемелденудің сынағы болды. Елбасы кітапта атап өткендей, ол сайлау 21 ғасыр басындағы Қазақстанның ішкі саяси өміріндегі ең маңызды оқиғаға айналды. Мен сол кезде елбасының сайлауалды штабын басқардым. Тарихи сәттердің басы-қасында болдым. Сол үшін өзімді бақытты санаймын» дей келе сенатор осы сайлау еліміздегі жетекші партияны парламенттік үлгідегі партияға айналдырудың алғашқы қадамы болғанын айтты,

«Сол кездегі саяси өміріміздегі тағы бір маңызды мәселе 2007 жылғы конституциялық реформа болды. Оның ең басты жаңалықтарының бірі  - еліміздені парламент сайлауалды мажоритарлық үлгіде пропорционалды, яғни, тепе-теңдік сайлау жүйесіне ауысты. Осылайша еліміздегі саяси партиялар ашық бәсекеге, электоралды процеске толық қосылды. Бұл дамыған демократиялық елдерге тән жүйе еді. Біз жаңа жүйедегі парламенттік сайлауды сәтті өткіздік» деген Бақытжан Жұмағұлов сол сайлауда «Нұр Отан» партиясының сенімді түрде жеңіске жеткенін еске алды. Сонымен бірге сайлаудың осы пропорционалды жүйесі біздің өмірімізде толыққанды қолданысқа енгенін, өзі куә болған процестердің  барлығы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен жүргізілгенін атап өтті. 

Гүлнұр Қуанышбекқызы,

"Егемен Қазақстан"